Еңбек жолын бастаған әрбір адам кәсіби тұрғыдан өсіп, биік белестерді бағындыруды армандайды. Алайда жетістік бірден келмейді. Ол үздіксіз білім алуды, үлкен жауапкершілікті және өз ісіне толық берілуді талап етеді. Қарапайым жұмысшыдан кеме жасау цехының басшысына дейінгі жол – табандылық пен үнемі дамуға деген ұмтылыстың жоғары нәтижелерге жеткізетінінің жарқын дәлелі.
Осындай қажырлы еңбек пен мақсаткерліктің айқын үлгісі - «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ өндірістік және энергия-механикалық цехының бастығы Авдеев Вячеслав Александрович.
«Ес білгелі үнемі білім алып келемін», - дейді Вячеслав Александрович. - «Жаңа кәсіби білім игеру, жаңа мамандықтарды меңгеру маған әрдайым қызық болатын. Болашақта осының бәрі жұмысымда қажет болатынын іштей сезгендей едім».
Мектепті тәмамдағаннан кейін ол 5-разрядты автомобиль кранының машинисі мамандығын меңгеріп, жүргізуші куәлігін алды. Кейін №1 кәсіптік-техникалық училищені коммуналдық шаруашылықтың инженерлік жүйелері мамандығы бойынша аяқтап, 4-разрядты газэлектрдәнекерлеуші және 4-разрядты сантехник-слесарь біліктілігін иеленді.
Қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, 2010 жылы Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжін «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдады. Нәтижесінде құрылыс технигі және қолмен электрдоғалық дәнекерлеу бойынша газэлектрдәнекерлеуші біліктілігін алды. Ал Вячеслав Александровичтің айтуынша, оның білім жолындағы ең үлкен жетістігі пандемия кезеңінде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін «Техника және технологиялар» мамандығы бойынша бітіруі болды.
«Мен «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ-ға 2012 жылы жұмысқа орналастым. Зауыттың табалдырығын алғаш аттаған кезде жиырма сегіз жаста едім. Қолымда үш диплом, көкейімде сан түрлі сұрақ, жүрегімде өзімді дәлелдеуге деген зор ынта болды. Сол кезде бір күні тұтас бір цехқа басшылық етемін деп ойлаған да жоқпын», – деп еске алады Вячеслав Александрович. - «Алғашқы кезде оңай болған жоқ. Бірақ мойымадым. Тәжірибелі әріптестерімнен ақыл сұрап, түскі үзілісте қалып сызбаларды зерттедім, кәсіби шеберлігімді жетілдірдім. Әрбір қателік мен үшін үлкен сабақ болды».
Бірнеше жылдан кейін ол кәсіпорындағы ең үздік дәнекерлеушілердің біріне айналып, ең күрделі тапсырыстар сеніп тапсырылатын маман ретінде танылды. Ал жас жұмысшылар оған ақыл-кеңес сұрап жиі жүгінетін болды.
Кеме жасау - өнеркәсіптің ең күрделі салаларының бірі. Кемені құрастыру инженерлердің, дәнекерлеушілердің, құрастырушылардың, электриктердің, кран машинистерінің және басқа да көптеген мамандардың үйлесімді еңбегін талап етеді. Цех бастығы үлкен ұжымды ұйымдастырып, әр қызметкердің өз міндетін сапалы әрі белгіленген мерзімде орындауын қамтамасыз етуі тиіс. Оның қабылдайтын шешімдері өндірістік жоспардың орындалуына ғана емес, адамдардың қауіпсіздігіне, болашақ кеменің сапасына және кәсіпорынның беделіне де тікелей әсер етеді.
Дәл сол кезде, Вячеслав Александровичтің айтуынша, ол нағыз кәсіби маман өз жұмысын сапалы атқарып қана қоймай, өз білімі мен тәжірибесін өзгелермен бөлісе білуі қажет екенін түсінді. Бүгінде ол цех ішінде жүріп, өзінің алғашқы жұмыс күнін жиі еске алады. Еңбек жолын енді ғана бастап жатқан жас жұмысшының қандай сезімде болатынын жақсы түсінетіндіктен, әрдайым жаңадан келген қызметкерлерге қолдау көрсетуге тырысады.
«Менің жұмыс күнім түрлі міндеттерге толы. Жұмыстың орындалуын бақылау, технологиялық талаптардың сақталуын қадағалау, өндірістік мәселелерді шешу, ресурстарды тиімді бөлу және қалыптан тыс жағдайларда дұрыс шешім табуға көмектесу – күнделікті атқаратын жұмысымның бір бөлігі. Кейде санаулы минуттың ішінде күрделі шешім қабылдауға тура келеді. Себебі кез келген қателік кеме құрылысының кешігуіне және елеулі шығындарға алып келуі мүмкін», - дейді Вячеслав Александрович. - «Өткен жолыма көз жүгірткен сайын қарапайым жұмысшыдан цех бастығына дейінгі жолдың ұзақ әрі оңай болмағанын түсінемін. Дегенмен дәл осы жол маған кез келген биіктікті еңбек етуден қорықпайтын, үнемі ізденіп, қиындықтарға қарамастан алға ұмтылатын адам ғана бағындыра алатынын үйретті».